Жамиляның жеңісі – мектептің жемісі
Жуырда, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Ақмола облысының білім беретін мекемелері, мектеп оқушылары арасында «Туған жерім» облыстық шығармалар байқауы болып өтті. Туған жері, кіші Отаны, патриотизм мен Отанға деген сүйіспеншілік сияқты түрлі тақырыптарға қалам сермеп, ой тербеген, мектеп оқушылары сөз байқауында өздерінің сөз саптау шеберліктерін танытып бақты. Әр мектеп өздерінің үкілеген үміттерін топқа қосты. Біздің мектебіміздің атынан Жандельдинова Жамиля сол байқауда дара шауып, үздік атанды. Жамиля мектебіміздің озат оқушыларының бірі, ол осы уақытқа дейін де ерекше зеректігімен көзге түсіп келеді. Ол өзіне сын көзбен қарап, алдына қойған мақсатына жету жолында асқан табандылық танытады. Кез келген ортада өзіндік пікірін қорғап, ойын ашық айтқанды жақсы көреді. Жамиля осы жолы да өзінің бойындағы асыл қасиеттерін дәлелдеді. Жамиля осы жолы шығарма байқауының «Туған жердің батыры» номинациясы бойынша ең үздік жұмысы үшін Ақмола облысының әкімі, «Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалының төрағасы Мәлік Кеңесбайұлы Мырзалин мырзаның қолынан дипломмен марапатталды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, негізгі мақсат талапты әрі талантты, жазуға машықтанған оқушыларды табу, олардың талантын шыңдау және қолдау білдіру болып табылады. Жастар арасында әдебиетке, прозаға деген сүйіспеншіліктерін ояту. Оқушылардың өз Отанын сүю жолындағы елжандылық қасиеттерін дамыту болып табылады. Бұл өз келегінде әрбір қазақстандық оқушының өз Отанына деген көзқарасы мен сүйіспеншілігін білдірсе керек. Біздің «Мектеп жанындағы интернатымен №8 орта мектебі» КММ 11 «А» сынып оқушысы Жандельдинова Жамиляны мектеп ұжымы аталмыш жеңісімен құттықтайды. Өз тарапымыздан Жамиляның бұл жеңісіне ризашылығымызды білдіріп, оның тұлға ретінде өсіп қалыптасуына күш-жігерлерін қосып отырған ата-анасына алғыс айтамыз. Және де болашақта Жамиля өзіне артылған зор сенімді ақтайтынына күмәніміз жоқ.
№ 8 ОМ мұғалімі Қазымбек И.Қ.