Мен, Атбасар ауданы №8 орта мектебінің мұғалімі Қазымбек Индира Қуанышбайқызы, «8-наурыз Халықаралық әйелдер күні» мерекесі қарсаңында, аудандық білім бөлімі және кәсіподағы тарапынан Бурабай өңіріндегі «Дискаверий» санаторийіне 3 күндік демалыстың жолдамасына ие болдым.
Менімен бірге осындай жолдамаға ауданымыздың 20 ұстазы қол жеткізді. 12-14 наурыз аралығында аталмыш шипажайда демалып қайттым, санаторийде демалушылар үшін тамаша жағдай жасалған. Барған уақыттан бастап, керемет сәттерді бастан кештім. Түрлі медициналық ем-домдар қабылдадық. Шипажайдың медициналық қызметкерлері өз жұмыстарына асқан жауапкершілікпен қарап, демалуға барған әр адамның көңілін тауып жатты.
Медициналық ғимараттан шыққаннан кейін күн батқанша, шипажай ұйымдастырушылары өткізетін түрлі мәдени іс – шараларды тамашалап, салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында табиғат аясында тыныстап, коньки, шаңғы, сырғанақ теуіп, бассейінге барып, суға да шомылдық. Асханасындағы аспаздардың даярлаған әр тамағы тіліңді үйіретіні де сөзсіз. Болашақта жол түсіп жатса, осындай тамашаны жанұяммен бірге тағы да бастан кешкім келеді. Бізге берілген үш күн көзді ашып – жұмғанша өте шықты.
Менің осындай ғажайыпты бастан кешіруіме ықпал еткен облыстық, аудандық білім бөлімдерінің басшыларына және кәсіподағына шын жүректен алғыс айтқым келеді. Дендеріңізге саулық, еңбектеріңізге табыс тілеймін!